Аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Бір қазан суды қайнаттырып қойып: — Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық беремін, – деген шарт қойыпты. Аңдар бірінен соң бірі келіп, қанша өжеттенсе де қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең соңында қоян келіп, қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да: — Ыстықтай ішуді өте жақсы көремін, – деп жан-жағына қарайды. — Ендеше, іше ғой, – дейді аңдар аңтарылып. Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп: — Мінеки, достарым, мынау ыстық су. Көздеріңмен көріңдер! – деп, бас-басына көрсетіп шығады. Сөйтіп, қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шыққанша, қазандағы су суып қалады. Сол кезде қоян суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Шошынған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмысады. Ал алданған арыстан патша қоянға көп-көп сыйлықтар бергізіп: — Міне, нағыз ер! – деп мақтапты.