Баяғыда Мақтақыз болыпты. Мақта қыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады, Мысық келмейді. Қыз:– Келмесең келме! – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң мысық келіп:– Неге шақырдың? – деп сұрайды. Мақта қыз айтпайды. Сонан соң мысық:– Ендеше қатығыңды төгем! – дейді.Мақта қыз:– Мен құйрығыңды кесіп аламын! – дейді.Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады.Мысық:– Апа, апа, құйрығымды берші! – дейді.Мақта қыз:– Менің қатығымды төле! –дейді.Мысық сиырға барады.– Сиыр, маған қатық берші! – дейді.Сиыр:– Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші! – дейді.Мысық ағашқа барып:– Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! – дейді.Ағаш:– Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, – дейді.Мысық суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді.– Қыздар, қыздар, маған су беріңіздерші! – дейді.Қыздар оған:– Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз, – дейді.Мысық дүкенге барады.– Әй, дүкенші, маған сағыз берші! – дейді.Дүкенші:– Маған жұмыртқа бер! – дейді.Мысық тауыққа барады.– Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші! – дейді.Тауықтар:– Бізге дән әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз, – дейді.Мысық: «Енді не қыламын?» – деп бара жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас салады.– Жаныңның барында айт! Үйіңде не бар? – дейді.Тышқан қорыққанынан:– Үйімде бір табақ тары бар, – дейді.Мысық:– Маған бір уыс тары бер, – дейді.Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп береді; мысық тарыны апарып тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді; жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді; дүкенші сағыз береді; сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді; суды апарып ағашқа береді; ағаш жапырақ береді; жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді; қатықты апарып Мақта қызға береді, Мақта қыз мысықтың құйрығын береді.