Малайсары батыр (шамамен 1700 — 1756) — Орта жүздің батыры әрі биі. Арғын ішіндегі бәсентиін руынан шыққан. Әкесі Тоқтауыл — батыр, балуан, анасы Мөлдір — қалмақ қызы, қарындасы Гауһар (Қабанбай батырдың әйелі) — ерлігі аңызға айналған қаһарман қыз. Малайсары Абылай ханның сұлтан кезінен сенімді серігі болған. Шоқан Уәлихановтың] жазуына қарағанда, Абылай хан Малайсарының батырлығын, ақылы мен қайратын жоғары бағалаған. Малайсары Ресейдің қоластына кіруге қарсы болған. Қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітім жасау саясатын ұстанды. Ол жоңғарларға қазақтың елшісі болып барған. Қазіргі Павлодар облысы Май ауданындағы Малайсарының туған жеріне, Жоңғар Алатауының батыс сілеміндегі тауға Малайсары есімі берілген.Малайсары батыр. Бұл тұлға туралы деректерді алғаш рет Шоқан жазбаларынан кездестіреміз. Ең алдымен оқырманға ескерте кететін нәрсе, Шоқан Уәлиханов зерттеулеріне қазақ тарихының басты оқиғалары мен ең шешуші тұлғалары іліккені. Қазіргі күні ғылыми тілде бұл мәселені түсіндіру қиын, мүмкін бұл қазақтың дана ұлының табиғи зеректігіне, терең түсінігі мен интуициясына байланысты болар, яғни ХVІІІ ғасыр үшін Малайсары батыр Абылай ханмен қатар аталатындай “знаковая фигура”. Ол сол заманның тыныс-тіршілігін, қазақ халқының сыртқы-ішкі жағдайын ашып бере алатын толыққанды тарих қайраткері. Шоқанның аз ғұмырында қазақ тарихының қалың қатпарларынан ең басты мәселелерді, сәулелі тұлғаларды іліп алған талғампаз, көрегендігіне таң қалмасқа болмайды.