Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:жүйрік ат;қыран бүркіт;құмай тазы;берен мылтық;қанды ауыз қақпан;майланғыш ау;өткір кездік.Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы — қаҝарлы оты. Қақпаны — серті, ауы — әдіс-айласы, кездігі — сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында. “Жеті ырысқа” мыналарды жатқызады:1) адамның ақылы,ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды;2) денсаулық, яғни дененің саулығы;3) ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы. Халқымыз ежелден “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген;4) бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы;5) көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды;6) жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”;7) ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.