Қазақтың «жеті қазына» деген ұғымы бар екенін елдің бәрі біледі. Шамасы, бұл халқымыздың сандық ұғымдарынан туындаған болса керек. Бір қызығы осы «жеті қазына» ұғымын жақсы түсінемін деп жүретін едім. Сөйтсем, қателескен сыңайлымын. Әдетте, интернеттен осы мәселені іздеп көрдім. Жарытып ештеңе таба алмадым. Бірақ, «жеті қазына» ұғымының ең танымал екі нұсқасы бар екендігін білеміз. Жеті қазынаның бірінші нұсқасы:ер жігіт, сұлу жар,ілім-білім,жүйірік ат, құмай тазы, түзу мылтық.Екінші нұсқа: жүйірік ат, алғыр бүркіт, қаққыр тазы, алмас кездік, қандыауыз қақпан,берен мылтық,майланғыш ау немесе қыл тұзақ.Қазақ радиосындағы «Мен -қазақпын!» бағдарламасының жұма күнгі сандарын осы жеті қазына ұғымына арнадық. Қазына саналған жеті затты жіктеп, жіліктеп көрейік дескенбіз. Дінтанушы Омар Жәлелұлы «ер жігіт еліне олжа салады» деген мақалға сүйене отырып, дәл сондай жігіттер халықтың қазынасы дейді. «Жеті қазынаның» бірінші нұсқасы халықтың қазынасы, екіншісі азаматтың қазынасы деп тұспалдадық. Ал, сұлу әйел мәселесіне келер болсақ, қазақ сұлу әйелден ақылды бала дүниеге келеді деп ойлайтын болса керек. Ақтамбердінің Елден елді аралап, Тектіден текті саралап, Беглердің қызын айттырсам, Нұсқасын байқап шамалап - Сынға толса сияғы, Әлбеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған Қымбатты гауһар бағасы. Жүз нарға кілем жаптырып, Қазақтан сәнін арттырып, Ұзатып алсам сәнменен, Көңлімді хош таптырып! Бала берсе тезінен, - Пірлердің бітсе демінен, Шілтеннің тиіп шылауы, Артылып туса өзімнен! Осындай берген дәулеттіКөтеріп түра алар ма екеміз?! –деуі содан шығар Ал, ілім-білім мен жылқының қазына болатыны онсыз да белгілі. Құмай тазыға келсек, бұл өзі жалпы ит атаулыға қатысты тәрізді. Құмай тазы саятшылықтың көркі әрине. Бірақ, иттің бойында қазақ ұнатқан екі қасиет бар екен. Олар–адалдық пен қанағатшылдық. Ит иесіне адал келеді. Әрі не берсең де қанағатшыл. Қыран бүркіт болса шынымен аңшылықтың сәні. Екіншіден қырандар маңғаз, таза келеді. Қазақтың кейбір мінезі сияқты. Мылтық болса бес қарудың бірі болған садақтың «баласы». Елдің қорғанысына қажет құрал. Қазына саналатыны содан дейді. Әрине, бұлардың жетеуін жеке-жеке талдауға болады. Радиодағы «Мен қазақпын!» бағдарламасында олардың әрқайсысын жеке талдадық. Бірақ,әзірге берен мылтық жөнінде сөз қозғап үлгермедік.Айтпақшы, біздің бір жазбамызға пікір жазған оқырман «Мен-қазақпын!» бағдарламасын Қазақ радиосының сайтына салып қоюды ұсынған екен, болашақта ол да жүзеге асар деген үмітіміз бар.Бірақ, әзірге осы блогтағыны қанағат етуге мәжбүрміз.Айыпқа бұйырмассыздар деп ойлаймын.