Алаш баласының сабақ алатын, сабақ болғанда да ащы сабақ болатын тұстары аз емес, – дейді тарих ғылымдарының докторы Қадіржан Әбуев, – оның барлығы өткен тарихымызда тұнып тұр. Біз кешегі Кеңес заманында еріксіз тілімізді тістеп, бұл тақырыпты ашып айта алмай келдік. Сондықтан көптеген жастар бейхабар болып өсті. Рас, саяси қуғын-сүргінді көрген көнекөз қариялардың сыбырлап айтқан сырынан сыр ұққандар да аз емес. Қазақтың басына төнген қасірет «жығылғанға жұдырық» дегендей бірнеше рет қайталанып келіп отырды. Нәубеттің алғашқы жан түршіктірер зобалаңы 1921-1922 жылдары орын алғанын білеміз. Ал 1930-1931 жылдары кейбір деректерге қарағанда бір миллионнан астам адам алапат аштықтан қырылған. Бұл жайлы тарихи деректерді Омбының, Санкт-Петербургтің мұрағаттарынан кездестіруге болды.